СТАТЬИ
Мақалада ерте жастағы бұзауларды өсіру технологиясында ауаны және эфир майларын аэроионизациялауды үйлесімді қолдану тиімділігін зерттеу нәтижелері ұсынылған. Жұмыстың мақсаты осы факторлардың ауа ортасының параметрлеріне және өнеркәсіптік мал шаруашылығы жағдайындағы төлдің физиологиялық мәртебесіне әсерін ветеринариялық-санитариялық бағалау болды. Зерттеу әдіснамасы дәлелді ветеринариялық санитария қағидаттарына негізделген және жануарларды ұстау жағдайларын санитариялықгигиеналық, микробиологиялық және зоотехникалық бағалауды қамтыған. Эксперимент өндірістік жағдайларда екі топтағы бақылау және тәжірибелік бұзауларда, әрқайсысында 15 бастан, бірдей тамақтандыру және ұстау жағдайларында өткізілді. Эксперименттік ісшаралар кешені ауаны аэроионизациялауды және табиғи эфир майларын мөлшерлеп шашыратуды қамтыды. Әзірленген тәсілдің тиімділігі микроклиматтық көрсеткіштердің динамикасы, жануарлардың тыныс алу аймағындағы ауаның микробтық тұқымдану деңгейі, сондай-ақ бұзаулардың жай-күйінің клиникалық-физиологиялық маркерлері бойынша бағаланды. Тәжірибелер нәтижелердің қайталануын растау үшін жылдың түрлі маусымдарында репликалаумен 20 тәулік бойы бірыңғай хаттама бойынша орындалды. Аэроионизация мен эфир майларын қолданудың бұзаулардың ауа ортасына айқын санитарлық-түзету әсерін тигізетіні анықталды. Бұл микробтық жүктемені төмендетуден және микроклимат параметрлерін оңтайландырудан, негізінен салыстырмалы ылғалдылық пен санитариялық жайлылық деңгейінен көрінеді. Алынған деректер респираторлық патологиялардың даму қаупінің төмендегенін, сондай-ақ жас төлдің физиологиялық бейімделуі және табиғи төзімділігін қолдау үшін қолайлы жағдайлардың қалыптасқанын куәландырады.
Treponema pallidum subsp. pallidum - мерездің қоздырғышы болып табылатын, адам денсаулығы үшін әлеуметтік маңызы жоғары инфекциялық агент. Тиімді бактерияға қарсы емдеу әдістерінің болуына қарамастан, бұл патогеннің биологиясын зерттеу ұзақ уақыт бойы оны жасанды жағдайда тұрақты культивациялау мүмкіндігінің шектеулі болуына байланысты күрделі мәселе болып келді. Шолудың мақсаты - T. pallidum-ды in vitro культивациялау жүйелерінің дамуы туралы қазіргі деректерді жүйелеу: қоян моделінен және ерте тіндік культуралардан бастап Sf1Ep платформасына, заманауи клиникалық штаммдарды тікелей бөліп алуға және адам жасушаларына негізделген жүйелердің пайда болуына дейін. Шолуда T. pallidum-ды культивациялауды қиындататын биологиялық факторлар, соның ішінде геномның редукциясы, метаболизмдік мүмкіндіктердің шектеулілігі, иесі жасушасына тәуелділік және оттегіге сезімталдық қарастырылды. T. pallidum-ды in vitro культивациялау қоздырғыштың физиологиясын, иесі жасушаларымен өзара әрекеттесуін, антибиотиктерге сезімталдығын зерттеуге, жануарлар модельдеріне тәуелділікті азайтуға және биоқауіпсіз эксперименттік тәсілдерді дамытуға арналған перспективалы ғылыми-технологиялық платформа ретінде қарастырылуы тиіс.
Ғылыми-зерттеу жұмыстарының мақсаты 2024-2025 жылдары ҚР жылқы тұмауына мониторингтік зерттеулер жүргізу болды. Қазақстан аумағында жылқы тұмауының вирусына антиденелердің таралуын зерттеу үшін 2024 жылы 9 облыста жиналған мұрын шайындыларының сынамасы және ҚР 16 облысының шаруашылықтарында жиналған жылқылардың қан сарысуы зерттелді.
Жылқы тұмауы вирусының антиденелеріне серопреваленттілігін анықтау үшін Қазақстанның әртүрлі аймақтарынан келген жылқылардың қан сарысуларына ИФТзерттеулер жүргізілді. Сондай-ақ, жылқы тұмауы вирусының айналымын анықтау үшін ПТР әдісімен жылқылардың мұрын шайындылары зерттелді.
ИФТ және ПТР-зерттеулер қолданылған тест-жиынтықтардың бекітілген нұсқауларына сәйкес жүргізілді. Картаға түсіру кезінде ArcGIS ашық бастапқы ГАЖ бағдарламасы қолданылды.
2024 жылы жүргізілген серологиялық зерттеулердің нәтижелері Қазақстан аумағында жылқы тұмауы вирусына қарсы антиденелердің бар екендігін айғақтайды. Серологиялық сынақтардың көптеген оң нәтижелерімен жүргізілген ПТР зерттеулері зерттелген бір үлгіде жылқы тұмауы вирусының ДНҚ-сын анықталмағанын атап өткен жөн.
Алынған қорытындылар, зертханалық диагностикалық зерттеулер негізінде біз 2024- 2025 жылдары жылқы тұмауының эпизоотиялық жағдайы бойынша ҚР аумағын аймақтарға бөлдік. Нәтижесінде еліміздің жылқы тұмауы бойынша қолайлы аумақтары (0 %) және қауіп көрсеткіштері бойынша: жылқы тұмауының таралу қаупі төмен аймақ (1-29 %); жылқы тұмауының таралу қаупі орташа аймақ (30-59 %) және жылқы тұмауының таралу қаупі жоғары аймақ (60-100%) анықталды.
Brucella spp. Omp19 рекомбинантты ақуызы диагностикалық тест-жүйелер мен иммунобиологиялық препараттарды әзірлеуге арналған перспективалы антиген ретінде қарастырылады. Алайда оның ерігіш түрін алу өзекті мәселелердің бірі болып қала береді. Осы зерттеудің мақсаты ион алмастырғыш хроматография әдісімен тазартылғаннан кейінгі Omp19 рекомбинантты ақуызының диализ жағдайларын оңтайландыру болды.
Диализ тұздар мен тұрақтандырғыш компоненттердің құрамы әртүрлі бірнеше буферлік жүйелерде кезең-кезеңімен жүргізілді. Диализдің тиімділігі мен ақуыздың ерігіштігі әртүрлі сақтау температураларында үстіңгі сұйықтық пен тұнба фракцияларын талдау арқылы SDS-PAGE (натрий додецилсульфаты-полиакриламидті гель электрофорезі) әдісімен бағаланды. Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, 1–4 буферлер қолданылған кезде рекомбинантты ақуыз негізінен ерімейтін күйге ауысып, тұнба фракциясында анықталды. Ақуыздың ерігіштігін арттыру мақсатында диализдік буфер құрамындағы L-аргининнің концентрациясы оңтайландырылды. Құрамында 880 мМ Lаргинин бар буферді пайдалану ақуыздың ерігіш фракцияда сақталуын қамтамасыз етіп, көзге көрінетін тұнбаның түзілуіне жол бермейтіні анықталды.
Алынған нәтижелер тазарту және сақтау кезеңдерінде Omp19 рекомбинантты ақуызын тұрақтандыру үшін 880 мМ L-аргининді қолдануды ұсынуға мүмкіндік береді. Бұл тәсіл аталған ақуызды диагностикалық және биотехнологиялық зерттеулерде одан әрі қолдану үшін практикалық маңызға ие.
Trichophyton туысына жататын дерматофиттер, ең алдымен Trichophyton verrucosum, ірі қара мал трихофитиясының негізгі қоздырғыштары болып табылады. Бұл микроорганизмдерді қатты қоректік орталарда өсіру бірқатар қиындықтармен байланысты: T. verrucosum штаммдарының көпшілігі өсуі үшін витаминдерге қатаң қажеттілік танытады, олардың өсінділері қатар жүретін бактериялық микрофлорамен жиі контаминацияланады, ал стандартты қоректік орталарда биомасса мен споралар түзілуінің өнімділігі вакциналарды өнеркәсіптік өндіру үшін жеткіліксіз болып қалады.
Зерттеу мақсаты – өндірістік Trichophyton verrucosum және Trichophyton mentagrophytes штаммдарын өсіру кезінде глицериннің, инозитолдың, L-гистидиннің және хлорамфениколдың сусло-агардың өсу қасиеттеріне әсерін бағалау.
Материалдар мен әдістер. Негізгі қоректік орта ретінде стандартты сусло-агар пайдаланылды. Тәжірибелік үлгілерге глицерин (0,5-2,5%), инозитол (0,005-0,1%), Lгистидин (0,005-0,2 г/л) және хлорамфеникол (0,01-0,05 г/л) қосылды. Өсу қасиеттері сызықтық өсу жылдамдығы, спора түзілу қарқындылығы және мицелий өнімділігі бойынша бағаланды.
Нәтижелер. 1,5-2,0% концентрациядағы глицерин T. verrucosum № 123 штаммының сызықтық өсу жылдамдығын бақылаумен салыстырғанда 28,3%-ға, ал мицелий өнімділігін 25,6%-ға арттырды. 0,02–0,03% концентрациядағы инозитол микроконидиялар санын 45,2- ден 73,0 млн/см³-ге дейін арттырды. 0,02-0,04 г/л концентрациядағы L-гистидин T. mentagrophytes өсуіне орташа ынталандырушы әсер көрсетті. 0,025 г/л концентрациядағы хлорамфеникол дерматофиттердің өсуін тежемей, контаминациялаушы бактериялық микрофлораның көзге көрінетін өсуін толық басып тастады. Қоспаларды кешенді қолдану стандартты сусло-агармен салыстырғанда микроконидиялардың жалпы шығымын 53,4%-ға арттырды.
Қорытынды. Сусло-агар құрамына глицеринді (T. verrucosum үшін 1,5-2,0% және T. mentagrophytes үшін 2,0-2,5%), инозитолды (0,02-0,03%), L-гистидинді (0,02-0,04 г/л) және хлорамфениколды (0,025 г/л) енгізу қоректік ортаның өсу қасиеттерін айтарлықтай жақсартуға, дерматофиттердің өндірістік дақылдарының өнімділігін арттыруға және бактериялық контаминациядан сенімді қорғауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Ірі қара малдың (ІҚМ) жұқпалы ринотрахеиті (ЖРТ) мен вирустық диареясы (ВД) мал шаруашылығына елеулі экономикалық шығын келтіретін ең кең таралған вирустық инфекциялардың қатарына жатады. Аталған ауруларға қарсы инактивтелген вакциналардың тиімділігі айқын әрі ұзаққа созылатын иммундық жауаптың қалыптасуын қамтамасыз ететін адъюванттық жүйені дұрыс таңдауға едәуір дәрежеде байланысты. Осы зерттеудің мақсаты оңтайлы адъюванттық жүйені негіздеу үшін Montanide® коммерциялық адъюванттарының әртүрлі түрлері қолданылған ІҚМ-ның ЖРТ мен ВД-сына қарсы эксперименттік қауымдастырылған инактивтелген вакцинаның физикалық тұрақтылығын, қауіпсіздігін және иммуногендігін салыстырмалы түрде бағалау болды. Эксперименттік вакциналар ЖРТ вирусының «Р-93» штаммы мен ВД вирусының «OregonC24V» штаммының инактивтелген вирусқұрамды суспензиялары негізінде Montanide ISA 70 VG, Montanide ISA 61 VG және Montanide GEL 01 PR адъюванттарын пайдалану арқылы дайындалды. Препараттардың физикалық тұрақтылығы жеделдетілген термостаттау әдісімен бағаланды, ал қауіпсіздігі мен иммуногендігі қояндар моделінде бір реттік бұлшықет ішіне иммундаудан кейін бейтараптандыру реакциясында вирусбейтараптандырушы антиденелердің (ВБА) титрлерін анықтау арқылы зерттелді. Зерттелген вакциналардың барлығы 10 тәулік бойы термостаттау кезінде физикалық тұрақтылығын сақтап, клиникалық тұрғыдан жергілікті жағымсыз реакциялар туғызбады және жақсы көтерімділік көрсетті. Екі вирусқа да қарсы ВБА-ның ең жоғары титрлері Montanide ISA 70 VG және Montanide GEL 01 PR адъюванттарын қолданған кезде тіркелді, ал адъювантсыз антигендер гуморальдық иммундық жауаптың төменірек деңгейін қалыптастырды. Кешенді бағалау нәтижелері ІҚМның ЖРТ пен ВД-сына қарсы отандық қауымдастырылған инактивтелген вакцинаның оңтайлы адъюванты ретінде Montanide ISA 70 VG таңдалуын ғылыми тұрғыдан негіздеуге мүмкіндік берді.
ISSN 2957-5702 (Online)





